Плей-оффтағы шешуші кездесулер: 1-2 шілдеге арналған матчтар кестесі
Бүгін АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалдық кездесуінде тағы үш қызықты кездесу өтеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Алаңға Англия, Бельгия және АҚШ құрамалары шығып, ширек финал жолдамасын сарапқа салады.
1 шілде, 21:00. Англия – Конго Демократиялық Республикасы
Англия құрамасы топтық кезеңде сенімді ойын өрнегін көрсетіп, L тобында бірінші орынмен плей-оффқа шықты. Ағылшындар Хорватияны 4:2, Панаманы 2:0 есебімен жеңіп, Ганамен ұпай бөлісті (0:0).
Ал Конго Демократиялық Республикасы K тобында үшінші орын алып, Португалиямен тең түсіп (1:1), Колумбиядан жеңілді (0:1) және шешуші матчта Өзбекстанды 3:1 есебімен ұтып, плей-оффқа жолдама алды.
Қағаз жүзінде фаворит – Англия. Дегенмен Конго құрамасы күтпеген нәтиже көрсетуге қауқарлы екенін топтық кезеңде дәлелдеді.
2 шілде, 01:00. Бельгия – Сенегал
Бельгия құрамасы G тобында бірінші орын алғанымен, ойын барысында тұрақтылық таныта қойған жоқ. Команда Мысырмен (1:1) және Иранмен (0:0) тең түсіп, тек соңғы турда Жаңа Зеландияны 5:1 есебімен ойсырата жеңді.
Сенегал болса топтық кезеңді жарқын нотада аяқтап, соңғы кездесуде Иракты 5:0 есебімен тас-талқан етті. Африкалық ұжымның шабуылдағы әлеуеті жоғары болғанымен, тәжірибе мен құрам сапасы жағынан Бельгия басым саналады.
2 шілде, 05:00. АҚШ – Босния және Герцеговина
Турнир қожайындарының бірі АҚШ құрамасы өз жанкүйерлерінің қолдауымен кезекті жеңісіне қол жеткізуге тырысады. Америкалықтар D тобында Парагвайды (4:1) және Аустралияны (2:0) жеңіп, соңғы турда Түркиядан (2:3) жеңілгеніне қарамастан бірінші орынмен плей-оффқа шықты.
Босния және Герцеговина құрамасы Канадамен тең ойнап (1:1), Швейцариядан ірі есеппен жеңілсе де (1:4), Қатарды 3:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Бұл кездесуде де АҚШ фаворит саналғанымен, Босния және Герцеговина сенсация жасауға мүмкіндік іздейтіні анық. 1/16 финалдың бұл ойыны тартысты өтеді деп күтілуде.
Фото: ©instagram.com/england
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған