ФИФА Аргентина құрамасына қатысты тәртіптік іс қозғады
Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) Тәртіптік комитеті 2026 жылғы әлем чемпионаты барысында болған бірнеше оқиғаға байланысты Аргентина футбол қауымдастығына қатысты тәртіптік іс қозғады, деп хабарлайды malimsports.kz.
ФИФА мәліметінше, әлем чемпионатының жартылай финалында Аргентина Англияны 2:1 есебімен жеңгеннен кейін жартылай қорғаушы Джовани Ло Чельсо «Las Malvinas son Argentinas» («Мальвин аралдары – Аргентинаныкі») деген жазуы бар баннермен алаңға шыққан. Кейін оған бірнеше командаласы қосылған.
Осы оқиғаға байланысты Аргентина футбол қауымдастығына спорттық іс-шараны спортқа қатысы жоқ мақсатта пайдалану, команданың лайықсыз әрекеті, кемсітушілік пен нәсілдік сипаттағы қорлау, сондай-ақ матчтағы тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын бұзу баптары бойынша тәртіптік іс қозғалды.
Бұдан бөлек, ФИФА әлем чемпионатының финалынан кейін болған жанжалға байланысты Аргентина құрамасының ойыншылары Леандро Паредес, Науэль Молина, Тьяго Альмада, бапкерлер штабының мүшесі Роберто Аяла және Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Гавиге қатысты да тәртіптік өндіріс бастағанын хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, жанжал Науэль Молинаның Испания құрамасының капитаны Родриге соққы жасауынан басталған. Кейін Леандро Паредес испаниялық қорғаушы Эрик Гарсияның мойнынан ұстап, артынша Гавиді итерген. Футболшыларды командаластары ажыратқан.
Сондай-ақ Аргентина құрамасы бапкерлер штабының мүшесі Роберто Аяланың Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Дани Ольмоға қол жұмсамақ болғаны айтылды.
Фото: Dan Mullan / Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған