457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

ФИФА өкілі Инфантиноны әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарына қатысты сынға алды

Кевин Ламурдың мәлімдеуінше, Инфантино соңғы бірнеше ай бойы бұл жоспарды дайындау кезінде ұйым қызметкерлерімен ашық жұмыс істемеген.

Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) бас операциялық директоры Кевин Ламур ұйым президенті Джанни Инфантиноны футболдан әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жеке инвесторларға сату жоспарына байланысты қызметкерлерді жаңылыстырды деп айыптады. Бұл туралы AP News агенттігі хабарлады, деп жазады malimsports.kz

Кевин Ламурдың мәлімдеуінше, Инфантино соңғы бірнеше ай бойы бұл жоспарды дайындау кезінде ұйым қызметкерлерімен ашық жұмыс істемеген. Оның айтуынша, қызметкерлер маңызды ақпараттан шеттетіліп, нақты жағдайдан хабарсыз қалған.

«Қызметкерлер алданды. Олар мұндай құрметсіздік пен қысымға емес, ашық әрі әділ қарым-қатынасқа лайық», – деді Ламур.

Осы аптада ФИФА әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін инвесторларға беру жоспарын қарастырып жатқаны белгілі болды. Жобаға сәйкес, ұйым құны 20 миллиард АҚШ долларына бағаланған FIFA Forward Enterprise (FFE) атты еншілес компания құрып, оның 25 пайыз үлесін 4,2 миллиард долларға сыртқы инвесторларға сатуды жоспарлап отыр.

Ламур бұл бастама жеке бір адамның жобасы екенін айтып, оған қарсы екенін жеткізді.

«Бұл - бір адамның жобасы. Ол жүзеге аспауы тиіс. Әлемдік футбол басшылары осы мәселеге байыппен қарап, дұрыс шешім қабылдайтын уақыт келді», - деді ол.

Бұған дейін Инфантиноның аға кеңесшісі Карлос Кордейро да осы жоспарға наразылық білдіріп, қызметінен кеткен болатын. Ол мұндай шешімді «футбол үшін де, ойынның ұзақ мерзімді болашағы үшін де тиімсіз келісім» деп бағалаған.

2024 жылдан бері ФИФА-ның бас операциялық директоры қызметін атқарып келе жатқан Кевин Ламур әзірге отставкаға кетпейтінін мәлімдеді. Дегенмен ол өз пікірі үшін қызметінен айырылып қалса да, мұны қабылдайтынын айтты.

«Егер осы мәлімдемемнің салдарынан жұмысымнан айырылсам, оны түсіністікпен қабылдаймын және бұл шешімді құрметтеймін. Ең бастысы – бүгін түнде ар-ұятым таза болып ұйықтаймын», - деді ол.

ФИФА-ның бұл бастамасы халықаралық футбол қауымдастығында үлкен пікірталас туғызды. УЕФА және оған мүше 55 ұлттық футбол федерациясы ұсыныс қайта қаралмайынша ФИФА аясындағы жарыстарға бойкот жариялауға дайын екенін мәлімдеді. Азия футбол конфедерациясы ұйымды мұндай маңызды шешімді алдын ала талқыламай қабылдағаны үшін сынға алды. Ал Африка футбол конфедерациясы ұсынысты қарастыруға дайын екенін білдірсе, КОНКАКАФ бұл бастаманы қолдамайтынын жеткізді.

Өз кезегінде ФИФА сын-пікірлерге жауап беріп, ешкімнің футболды «сатпайтынын» және ұйым футболдың мүддесіне қайшы келетін ұсынысты ешқашан қолдамайтынын мәлімдеді.

Фото: Getty Images