457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Әлем чемпионатында сенсация бапкер жаңа қызметке ауысты

Бубишта 2020 жылдан бері Кабо-Верде құрамасын жаттықтырған. Ол енді Марокконың «Ренессанс Беркан» клубының тізгінін ұстайды.

2025 жылдың Африкадағы үздік бапкері атанған Педру Лейтан Бриту, көпшілікке Бубишта деген атпен танымал маман Кабо-Верде ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кетті. Бұл туралы елдің футбол федерациясы (FCF) ресми мәлімдеді, деп хабарлайды malimsports.kz

Федерация таратқан хабарламада Бубиштаға ұлттық құраманың дамуына қосқан зор үлесі, кәсібилігі мен адал еңбегі үшін алғыс айтылып, алдағы қызметіне сәттілік тілеген.

56 жастағы португалиялық маман енді Марокконың «Ренессанс Беркан» клубының тізгінін ұстайды. Клуб оның тағайындалғанын ресми түрде жариялады.

Бубишта 2020 жылдан бері Кабо-Верде құрамасын жаттықтырды. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама өз тарихында алғаш рет футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Іріктеу кезеңінде Кабо-Верде D тобында 23 ұпай жинап, Камерун құрамасын артқа тастап, бірінші орынмен жарысты аяқтады.

2026 жылғы әлем чемпионатында африкалық команда нағыз сенсация жасады. Топтық кезеңде Испаниямен – 0:0, Аустриямен – 1:1, Алжирмен 2:2 есебімен тең түсіп, бірде-бір рет жеңілмей плей-офф кезеңіне шықты.

1/16 финалда Кабо-Верде кейін әлемнің күміс жүлдегері атанған Аргентина құрамасымен кездесіп, қарсыласының қақпасына екі гол соқты. Дегенмен қосымша уақытта 2:3 есебімен жол берді.

Халқы небәрі 600 мыңға жуық Кабо-Верде әлем чемпионаттарының плей-офф кезеңіне шыққан ең аз халықты мемлекет ретінде тарихқа енді. Сондай-ақ бұл құрама соңғы 24 жылдағы әлем чемпионатында топтық кезеңнен жеңіліссіз өткен алғашқы дебютант атанды.

Айта кетейік, Бубиштаның жетекшілігімен Кабо-Верде құрамасы 2023 жылғы Африка Ұлттар кубогында да ширек финалға дейін жеткен болатын. Осы жетістіктерінің арқасында ол 2025 жылы Африка футбол конфедерациясы (CAF) тарапынан жылдың үздік бапкері атағына ие болды.

Фото: Getty Images