"Пенальти үздігі": Гарри Кейн әлем чемпионаттарында жаңа рекорд орнатты
Англия ұлттық құрамасының капитаны Гарри Кейн футболдан әлем чемпионаттары тарихында пенальтиден соғылған голдар саны бойынша жаңа рекордтың иесі атанды, деп хабарлайды malimsports.kz.
32 жастағы шабуылшы әлем чемпионатының 2026 жылғы алғашқы турында Хорватияға қарсы ойында дубль жасап, өз командасының 4:2 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты.
Кейн алғашқы голын пенальтиден соқты. Осылайша, оның әлем чемпионаттарындағы 11 метрлік айып соққыларынан соққан голдарының саны бесеуге жетті. Бұл көрсеткіш - пенальти серияларындағы соққыларды есептемегендегі жаңа рекорд.
Айта кетейік, бұл матчта Кейн пенальтиді екі рет орындады. Алғашқы соққысын Хорватия қақпашысы Доминик Ливакович қайтарғанымен, төреші ереже бұзылғанын тіркеп, пенальтиді қайта орындауға шешім шығарды.
Сонымен қатар Гарри Кейн өз мансабында үшінші әлем чемпионатында (2018, 2022, 2026) гол соғып отыр. Бұған дейін мұндай жетістікке ағылшын футболшыларының ішінде тек Дэвид Бекхэм қол жеткізген.
Кейннің еншісінде әлем чемпионаттарында 10 гол бар. Осылайша ол Англия құрамасы тарихындағы ең нәтижелі ойыншы Гарри Линекердің рекордын қайталады.
Фото: Getty Images
Футзалдан Қазақстан құрамасы ӘЧ-2028 іріктеу кезеңінің жеребесінде бірінші себетке түсті
Ең көп оқылған