Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатында ең күрделі сынаққа тап болды
Футболдан әлем чемпионатына алғаш рет жолдама алған Өзбекстан құрамасы топтық кезеңде тек мықты қарсыластармен ғана емес, ауыр климаттық және географиялық жағдайлармен де бетпе-бет келіп отыр, деп хабарлайды malimsports.kz.
Сарапшылардың пікірінше, Өзбекстан ұлттық құрамасы турнирдегі ең қиын жағдайда қалған командалардың бірі саналады. Команда әлем чемпионатының ең күрделі топтарының біріне түсіп, Португалия, Колумбия және басқа да азулы қарсыластармен күш сынасады.
Алайда футболшыларды алаңдағы бәсекеден бөлек, табиғи жағдайлар да үлкен сынаққа салмақ.
Өзбекстан құрамасының базасы АҚШ-тың Атланта қаласында орналасқан. Бұл қала теңіз деңгейінен 302 метр биіктікте жатыр. Мұнда ауа температурасы 30 градусқа жуықтап, ылғалдылық деңгейі 70 пайызға дейін жетеді. Мұндай ауа райы спортшылардың ағзасына қосымша салмақ түсіреді.
Бұдан бөлек, өзбекстандықтар топтық кезеңдегі маңызды матчтарының бірін Мексика астанасы Мехикода өткізеді. Қала теңіз деңгейінен шамамен 2200 метр биіктікте орналасқан. Биік таулы аймақта ауа құрамындағы оттегі мөлшері аз болатындықтан, футболшылар тез шаршап, физикалық мүмкіндіктері төмендейді.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда ағзаға толық бейімделу үшін кемінде 7-10 күн қажет. Ал ыстық әрі ылғалды климатқа үйрену үшін 10-14 күн керек. Әлем чемпионатының кестесі мұндай мүмкіндік бермейді.
Соның салдарынан ойыншылар бір матчта оттегі жетіспеушілігін сезінсе, келесі кездесуде аптап ыстық пен жоғары ылғалдылықтың әсеріне тап болады. Бұл жарақат алу қаупін арттырып, қалпына келу процесін қиындатады.
Өзбекстан құрамасы екінші ойынын АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткізеді. Бұл қала да әлем чемпионатын қабылдап жатқан ең ыстық өңірлердің бірі саналады. Жаз мезгілінде мұнда ауа температурасы 30 градустан жоғары болады.
Тағы бір қиындық – ұзақ сапарлар. Топтық кезең барысында Өзбекстан құрамасы Атланта, Мехико және Хьюстон қалалары арасында қатынап, жалпы есепте 6,5 мың шақырымнан астам жол жүреді. Бұл көрсеткіш турнирге қатысушы құрамалар арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Соған қарамастан Өзбекстан құрамасы тарихи әлем чемпионатындағы алғашқы сапарында өз мүмкіндігін барынша көрсетуге ниетті. Футбол жанкүйерлері команданың қиындықтарға қарамастан лайықты нәтиже көрсететініне сенім білдіруде.
Фото: Ашық дереккөзден
Футзалдан Қазақстан құрамасы ӘЧ-2028 іріктеу кезеңінің жеребесінде бірінші себетке түсті
Ең көп оқылған