Өзбекстан футболшысы әлем чемпионаты матчында бейнеоператорды жарақаттап алды
Футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінде өткен Өзбекстан мен Колумбия құрамалары арасындағы матчта күтпеген оқиға тіркелді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Кездесу барысында өзбекстандық қорғаушы Абдуқодир Хусанов бейнеоператордың жарақат алуына себеп болған эпизодтың қатысушысына айналды.
Ойынның 34-минутында Хусанов колумбиялық шабуылшы Луис Диастан допты тартып алуға әрекет жасады. Алайда қарсылас ойыншы допты алға қарай шебер ысырып жіберіп, қорғаушының қарымта қимылынан сытылып кетті. Сәтсіз жасалған қарымта әрекет кезінде Хусанов қарсыласының аяғынан қағып, ереже бұзды.
Осы сәтте екі футболшы да екпінмен алаң жиегінде тұрған бейнеоператорға соқтығысып қалды. Оқиғадан кейін бейнеоператорға медициналық көмек көрсетуге тура келген.
Аталған эпизод үшін Абдуқодир Хусанов сары қағаз алды.
Айта кетейік, әлем чемпионатындағы алғашқы ойынында Өзбекстан құрамасы Колумбиядан 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Дегенмен тарихи матчта 22 жастағы жартылай қорғаушы Аббосбек Файзуллаев ел құрамасының әлем чемпионаттарындағы алғашқы голының авторы атанды.
Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына Азия іріктеу кезеңінде екінші орын алып жолдама жеңіп алды. Осылайша, Өзбекстан әлем чемпионатына қатысқан Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет ретінде тарихқа енді.
Топтық кезеңнің келесі турында өзбекстандықтар 23 маусым күні Португалия құрамасымен кездеседі. К тобында сондай-ақ Колумбия мен Конго Демократиялық Республикасы құрамалары өнер көрсетуде.
Биылғы әлем чемпионаты алғаш рет 48 құраманың қатысуымен АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде мәресіне жетеді.
Ашық дереккөзден
Футзалдан Қазақстан құрамасы ӘЧ-2028 іріктеу кезеңінің жеребесінде бірінші себетке түсті
Ең көп оқылған