Оңтүстік Корея президенті ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы сәтсіздігіне қатысты тергеу жүргізуді тапсырды
Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құраманың топтық кезеңнен аса алмауына байланысты арнайы тексеру жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Мемлекет басшысы команданың сәтсіз өнер көрсетуіне кадрлық саясаттағы олқылықтар себеп болғанын мәлімдеді.
Президент әлеуметтік желідегі парақшасында бұл нәтижеге қатты қапаланғанын айтып, басшылық құрамның кәсіби деңгейіне күмән келтірді.
Бұл нәтиже мен үшін күтпеген жағдай болды. Тағы бір мәрте кадр таңдаудың қаншалықты маңызды екені дәлелденді. Егер қызметке қабілеті мен біліктілігіне емес, жеке жақындығына қарап тағайындау жүргізілсе, оның соңы осындай өкінішті нәтижеге алып келетіні заңдылық, - деді Ли Чжэ Мен.
Сонымен қатар ол Мәдениет, спорт және туризм министрлігіне аталған жағдайдың мән-жайын жан-жақты зерттеп, сәтсіздіктің себептерін анықтауды және мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
2026 жылғы әлем чемпионатында Оңтүстік Корея құрамасы өз тобында үш ұпаймен үшінші орын алып, плей-офф кезеңіне шыға алмады. Команда Чехияны 2:1 есебімен жеңгенімен, Мексика мен Оңтүстік Африка құрамаларына 0:1 есебімен жол берді.
Әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін ұлттық құраманың бас бапкері Хон Мен Бо нәтижеге толық жауапкершілікті өз мойнына алып, қызметінен кететінін жариялады. Оның келісімшарты 2027 жылға дейін жарамды болғанымен, бапкер отставкаға өз еркімен шешім қабылдаған.
Айта кетейік, биылғы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет 48 құраманың қатысуымен АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде мәресіне жетеді.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған