Неймар әлем чемпионатындағы дебютінен кейін жылап жіберді
Бразилия құрамасының шабуылшысы Неймар 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын өткізіп, матчтан кейін эмоциясын жасыра алмады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Шотландияға қарсы кездесуде тәжірибелі футболшы алаңға 76-минутта қосалқы құрамнан шықты. Ол небәрі 13 минут ішінде үш қауіпті шабуыл ұйымдастырып, команда ойынына серпін берді. Бұл көрсеткіш бойынша матчта тек Лукас Пакета мен Райан ғана одан жоғары нәтиже көрсетті.
Кездесу Бразилия құрамасының 3:0 есебіндегі сенімді жеңісімен аяқталды.
Неймар әлем чемпионатының алғашқы екі матчын балтыр бұлшықетіндегі жарақатына байланысты өткізіп алған болатын. Ол ұлттық құрама сапына 980 күннен кейін қайта оралды. Бұған дейін бразилиялық жұлдыз ел құрамасы үшін соңғы рет 2023 жылдың 18 қазанында алаңға шыққан еді.
Матч аяқталғаннан кейін Неймар көз жасына ерік беріп, ұлттық құраманы қатты сағынғанын айтты. Оның сөзінше, ұзақ үзілістен кейін Бразилия жейдесімен алаңға шығу үлкен жеңілдік пен ерекше сезім сыйлаған.
Осылайша Неймар әлем чемпионаттарына төрт рет қатысқан тарихтағы төртінші бразилиялық футболшы атанды. Бұған дейін мұндай жетістікке Джалма Сантос, Пеле және Кафу ғана қол жеткізген.
34 жастағы шабуылшы Бразилия құрамасының тарихындағы үздік сұрмерген саналады. Оның еншісінде ұлттық құрама сапындағы 129 матчта соғылған 79 гол бар.
Үш тур қорытындысы бойынша жеті ұпай жинаған Бразилия құрамасы С тобында бірінші орын алып, әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты алғаш рет 48 құраманың қатысуымен АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде аяқталады.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған