457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Мбаппе әлем чемпионатында тағы бір тарихи белесті бағындырды

Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында кезекті тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды malimsports.kz.

Француз футболшысы бұл рекордты әлем чемпионатының 1/16 финалында Швеция құрамасына қарсы өткен кездесуде орнатты. Франция 3:0 есебімен жеңіске жеткен матчта мадридтік «Реалдың» шабуылшысы екі гол соғып, командасын келесі кезеңге шығарды.

Squawka статистикалық платформасының мәліметінше, Мбаппе әлем чемпионаттары тарихында жеті матчта дубль немесе одан да көп гол соққан алғашқы футболшы атанды.

Ол бұған дейін Ирак (3:0), Сенегал (3:1), Польша (3:1), Дания (2:1), 2018 жылғы әлем чемпионатындағы Аргентинамен (4:3) және 2022 жылғы әлем чемпионатының финалында Аргентинаға қарсы (3:3, пенальтиде – 2:4) кездесулерде де бірнеше мәрте мергендігімен көзге түскен болатын.

Швециямен матчтан кейін Мбаппенің 2026 жылғы әлем чемпионатындағы гол саны алтауға жетті. Осы көрсеткіш бойынша ол турнирдің үздік сұрмергені Лионель Мессимен теңесті. Дегенмен аргентиналық шабуылшы алты голды үш матчта соқса, Мбаппе бұл межеге төрт кездесуде жетті.

Сонымен қатар швециялықтарға қарсы матчтағы екінші гол Мбаппенің әлем чемпионаттарындағы 18-ші добы болды. Ол бұл нәтижеге небәрі 18 ойында қол жеткізді. Ал мундиальдар тарихындағы ең үздік сұрмерген Лионель Мессидің еншісінде 29 матчта соғылған 19 гол бар.

Бұдан бөлек, Мбаппе 2026 жылғы әлем чемпионатының «гол + пас» жүйесі бойынша да жеке көшбасшы атанды. Француз шабуылшысы төрт кездесуде алты гол соғып, екі нәтижелі пас берді. Осылайша ол бұл көрсеткіш бойынша алты нәтижелі әрекеті бар Лионель Мессиден алға шықты.

Айта кетейік, футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнирдің қазіргі чемпионы – 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатында топ жарған Аргентина құрамасы.

 

Фото: ©instagram.com/equipedefrance/