Мадридте әлем чемпиондарын 2 миллионнан астам жанкүйер қарсы алды
Футболдан әлем чемпионы атанған Испания құрамасын ел астанасы Мадридте 2 миллионнан астам жанкүйер салтанатты түрде қарсы алды, деп жазады malimsports.kz.
Әлем чемпиондары мінген ұшақ 20 шілде күні Мадридтің Барахас әуежайына қонды. Команданы әуежайда Испания құрамасының бас бапкері Луис де ла Фуэнте, турнирдің ең үздік ойыншысы атанған Родри және Испания футбол федерациясының президенті Рафаэль Лусан бастап шықты. Родри жанкүйерлерге Әлем кубогын жоғары көтеріп көрсетті.
Одан кейін құраманы Испания королі Филипп VI, патшайым Летисия, тақ мұрагері ханшайым Леонор мен инфанта София қабылдады. Кейін футболшылар елдің премьер-министрі Педро Санчеспен кездесті.
Ресми кездесулерден соң әлем чемпиондары отырған ашық автобус Мадридтің орталық көшелерімен жүріп өтті. Шеру премьер-министрдің резиденциясы орналасқан Монклоа сарайынан басталып, Испания құрамасының жеңістері дәстүрлі түрде тойланатын Сибелес алаңында аяқталды.
Ресми мәліметке сәйкес, жеңіс шеруін тамашалау үшін қала көшелеріне 2 миллионнан астам адам жиналса, оның 120 мыңға жуығы Сибелес алаңында бас қосты.
Еске салайық, Испания құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіп, өз тарихында екінші рет әлем чемпионы атанды. Бұған дейін испандар 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен мундиальда да алтын жүлдені жеңіп алған еді.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған