Криштиану Роналду әлем чемпионатынан кейін ұлттық құрамадағы мансабын аяқтай ма?
Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін ғана ұлттық құрамадағы мансабын жалғастыру немесе аяқтау туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
41 жастағы шабуылшының сөзін журналист Фабрицио Романо өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
Бұған дейін Роналдудың әпкесі Катя Авейру қазіргі әлем чемпионаты ағасы үшін Португалия құрамасындағы соңғы турнир болуы мүмкін екенін айтқан еді.
«Мендегі ақпаратқа сүйенсек, қоштасуға дайындала беруге болады. Бүгін емес, бірақ бұл - ұлттық құрамамен қоштасу. Сенімді дереккөзден алған мәліметім бойынша, бұл әлем чемпионаты – оның соңғы биі», – деген болатын Катя Авейру.
Алайда Роналду бұл мәселеге қатысты асығыс шешім қабылдамайтынын жеткізді.
«Мен ешқашан асығыс шешім қабылдамаймын. Болашағыма қатысты шешімді дәл қазір емес, турнир аяқталғаннан кейін қабылдаймын», - деді тәжірибелі футболшы.
Айта кетейік, Португалия құрамасы әлем чемпионатының 1/16 финалында Хорватияны 2:1 есебімен жеңіп, 1/8 финалға жолдама алды. Сол кездесуде Роналду негізгі құрамда алаңға шығып, пенальтиден гол соқты. Осылайша, ол әлем чемпионаттары тарихындағы плей-офф кезеңінде гол соққан ең егде футболшы атанды.
Сонымен қатар, бұл Роналдудың әлем чемпионатының плей-офф кезеңіндегі тоғыз матчтан кейінгі алғашқы голы болды.
Аталған кездесу Хорватия құрамасының 40 жастағы жартылай қорғаушысы Лука Модрич үшін әлем чемпионаттарындағы соңғы ойын ретінде тарихта қалды. Ол ұлттық құрама сапында бес әлем чемпионатына қатысып, жалпы 23 матч өткізді. Модрич 2018 жылы күміс, ал 2022 жылы қола жүлдеге ие болған.
Португалия құрамасы енді 6 шілдеде өтетін 1/8 финалда Испания құрамасымен кездеседі. Жеңімпаз команда ширек финалға жолдама алады.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет 48 құраманың қатысуымен АҚШ, Канада және Мексика аумағында бірлесіп ұйымдастырылып жатыр.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған