Килиан Мбаппе әлем чемпионатында бұрын-соңды болмаған рекорд орнатты
Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Француз футболшысы ширек финалда Мароккоға қарсы өткен кездесуде бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Осылайша оның турнирдегі гол саны сегізге жетті.
Opta статистикалық агенттігінің мәліметінше, Мбаппе әлем чемпионаттарының екі бірдей додасында кемінде сегіз гол соққан тарихтағы алғашқы футболшы атанды. Ол дәл осындай нәтижені 2022 жылғы әлем чемпионатында да тіркеген еді.
Сонымен қатар Франция құрамасының капитаны әлем чемпионаттары тарихындағы жеңіс сыйлаған голдар саны бойынша жаңа рекорд орнатты. Қазір оның еншісінде сегіз гол бар.
Жалпы Килиан Мбаппе әлем чемпионаттарындағы 20 матчта 20 гол соқты. Бұл көрсеткіш бойынша ол тек Аргентина құрамасының капитаны Лионель Мессиден кейін тұр. Мессидің еншісінде – 21 гол.
Бұған қоса, Мбаппе кейінгі 60 жылда екі әлем чемпионатында қатарынан кемінде 10 нәтижелі әрекетке (гол + нәтижелі пас) қол жеткізген алғашқы футболшы болды.
2026 жылғы мундиалда шабуылшы 11 нәтижелі әрекет жасады – 8 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді. Ал 2022 жылғы әлем чемпионатында оның еншісінде 10 нәтижелі әрекет (8 гол және 2 нәтижелі пас) болған.
Еске салайық, Франция құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалында Испания мен Бельгия арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі. Ойын 11 шілдеге қараған түні Астана уақытымен 00:00-де басталады.
Фото: ©depositphotos.com/thenews2.com
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған