457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Каннаваро Өзбекстанның Колумбиядан жеңілуін тарихи матч деп атады

Әлем чемпионатындағы дебюттік кездесуінде Өзбекстан құрамасы Колумбиядан 1:3 есебімен жеңілді.

Өзбекстан құрамасының бас бапкері Фабио Каннаваро футболдан әлем чемпионатындағы Колумбияға қарсы алғашқы ойынды тарихи оқиға ретінде бағалады, деп хабарлайды malimsports.kz

Әлем чемпионатындағы дебюттік кездесуінде Өзбекстан құрамасы Колумбиядан 1:3 есебімен жеңілді. Өзбекстандықтардың сапындағы жалғыз голды 60-минутта жартылай қорғаушы Аббосбек Файзуллаев соқты. Бұл – ел құрамасының әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы голы болды.

Матчтан кейін өткен баспасөз мәслихатында Фабио Каннаваро ойынның маңыздылығына тоқталды.

Біз бұл матчты ұзақ уақыт есте сақтаймыз. Бұл - тарихи ойын. Кездесу жаман өткен жоқ. Әрине, қателіктер болды, олармен жұмыс істейміз. Біз бұл жерге ең алдымен Өзбекстанды жақсы қырынан таныту үшін келдік. Колумбия секілді мықты құрамаларға қарсы, әсіресе допсыз ойнау өте қиын. Жалпы алғанда, екінші таймда жақсы ойын көрсеттік, бірақ өкінішке қарай, голдар өткізіп алдық, - деді Каннаваро.

Өзбекстан құрамасы Солтүстік Америкада өтіп жатқан әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отыр. Осылайша, олар әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алған Орталық Азиядағы алғашқы ұлттық құрама атанды.

Өзбекстандықтар әлем чемпионатына Азия іріктеу кезеңінде екінші орын алып шықты. Команда тек Иран құрамасына екі ұпай ғана жол берген болатын. Бұған дейін 2006, 2014 және 2018 жылғы әлем чемпионаттарына іріктелу әрекеттері сәтсіз аяқталған еді.

Қазіргі таңда Өзбекстан құрамасы К тобында өнер көрсетуде. Топтағы қарсыластары – Колумбия, Конго Демократиялық Республикасы және Португалия құрамалары.

Топтық кезеңнің екінші турында өзбекстандық футболшылар 23 маусым күні Португалия құрамасымен кездеседі.

Айта кетейік, биылғы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет 48 құраманың қатысуымен АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде аяқталады.

Фото: Getty Images