Испания құрамасы әлем чемпионаттарының жаңа рекордын орнатты
Испания ұлттық құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Португалияны 1:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионаттары тарихындағы ең ұзақ «құрғақ» матчтар сериясының рекордын жаңартты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Команда қатарынан алты матч бойы бірде-бір гол жібермей, әлем чемпионаттарындағы қорғаныстағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Испанияның гол өткізбеген сериясы 10 сағат 9 минут ойын уақытын құрайды.
Бұл серия 2022 жылғы Катардағы әлем чемпионатының 1/8 финалында Марокко құрамасына қарсы кездесуден басталды. Негізгі және қосымша уақыт 0:0 есебімен аяқталғанымен, испандықтар пенальти сериясында 0:3 есебімен жеңілген еді. Сол кездесуден бері Испания құрамасы қарсыластарына гол соғуға мүмкіндік бермей келеді.
2026 жылғы АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан әлем чемпионатында Испания топтық кезеңдегі үш матчта да қақпасына гол жіберген жоқ. Сонымен қатар 1/16 және 1/8 финал ойындарында да өз қақпасын «құрғақ» күйінде сақтады.
Португалиямен өткен кездесуде Испания қорғанысы қарсылас шабуылын толықтай тоқтатты. Португалия шабуылшысы Криштиану Роналду матч бойы қақпаға небәрі екі дәл соққы жасай алды.
Сондай-ақ Испания құрамасының қақпашысы Унаи Симон әлем чемпионаты аясында қатарынан бес матчта гол жібермей, 1990 жылғы мундиальда тіркелген италиялық Вальтер Дзенганың рекордын қайталады.
Унаи Симонның әлем чемпионаттарындағы үздік «құрғақ» сериясы қазір 609 минутқа жетіп отыр. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы ойыннан бері жалғасуда.
Испания құрамасы ширек финалда 10 шілде күні АҚШ пен Бельгия құрамалары арасындағы жеңімпазбен кездеседі. Бұл жұптың ойыны 7 шілдеде өтеді.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған