457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Испания құрамасы 16 жылда алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде жеңіске жетті

Испания құрамасының сапында шабуылшы Микель Оярсабаль екі мәрте мергендік танытып, 36 және 89-минуттарда гол соқты.

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалында Испания құрамасы Аустрияны 3:0 есебімен сенімді түрде жеңіп, жарыстың 1/8 финалына жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz

Испания құрамасының сапында шабуылшы Микель Оярсабаль екі мәрте мергендік танытып, 36 және 89-минуттарда гол соқты. Ал Педро Порро 66-минутта қарсылас қақпасын дәл көздеп, есепті еселей түсті.

Испания топтық кезеңді H тобында бірінші орынмен аяқтаса, Аустрия J тобында екінші орын алып, плей-оффқа шыққан болатын.

Бұл жеңіс испандықтар үшін тарихи мәнге ие болды. Өйткені команда әлем чемпионатының плей-офф кезеңіндегі соңғы жеңісіне 2010 жылғы мундиальдың финалында қол жеткізген еді. Сол кездесуде Испания Нидерланд құрамасын 1:0 есебімен жеңіп, өз тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған. Ал 2018 жылғы Ресейдегі және 2022 жылғы Катардағы әлем чемпионаттарында Испания 1/8 финалда тиісінше Ресей мен Мароккодан пенальти сериясында жеңіліп, жарыстан шығып қалған болатын.

Аустрия құрамасының бас бапкері Ральф Рангник 2021 жылы Мәскеудің «Локомотив» клубында спорт және даму жөніндегі жетекші қызметін атқарып, кейін ағылшынның «Манчестер Юнайтед» клубына ауысқан.

Испания құрамасы енді 6 шілде күні 1/8 финалда Португалия мен Хорватия арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі. Бұл матч 3 шілдеде өтеді.

Айта кетейік, әлем чемпионатының 1/8 финал ойындары 4-7 шілде аралығында өтеді. Ширек финалдар 9–11 шілдеге, жартылай финалдар 14-15 шілдеге жоспарланған. Үшінші орын үшін матч 18 шілдеде Майами қаласында, ал финалдық кездесу 19 шілдеде Нью-Йоркте өтеді.

Биылғы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет 48 ұлттық құраманың қатысуымен ұйымдастырылып жатыр. Турнир АҚШ, Канада және Мексика аумағында бірлесіп өткізілуде.

Фото: Getty Images