Испания қақпашысы әлем чемпионатының жаңа рекордын орнатты
Испания құрамасының қақпашысы Унай Симон футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында тарихи жетістікке жетті. Ол әлем чемпионаттары тарихындағы ең ұзақ «құрғақ» серияның жаңа рекордын орнатты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Австрияға қарсы 1/16 финалдық кездесуде (3:0) өз қақпасына гол жібермеген Симонның әлем чемпионаттарындағы гол өткізбеген сериясы 519 минутқа жетті. Осылайша ол италиялық қақпашы Вальтер Дзенганың 517 минуттық рекордын жаңартты. Бұл көрсеткіш 30 жылдан астам уақыт бойы сақталып келген еді.
Унай Симонның «құрғақ» сериясы 2022 жылғы Катарда өткен әлем чемпионатында басталған. Ол Жапониямен өткен матчтың соңғы 39 минутында, Мароккомен болған 1/8 финалда (негізгі уақытта - 0:0, пенальтиде - 0:3) және 2026 жылғы әлем чемпионатындағы қатарынан төрт кездесуде өз қақпасына гол жіберген жоқ.
29 жастағы қақпашы Испания құрамасы сапында 62 матч өткізген. Ол ұлттық құрамамен бірге 2024 жылғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы, 2023 жылғы Ұлттар лигасының чемпионы және Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған.
Испания құрамасы енді 6 шілде күні әлем чемпионатының 1/8 финалында Португалия құрамасымен кездеседі. Ал 2026 жылғы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет 48 ұлттық құраманың қатысуымен АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтіп жатыр.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған