Испания 16 жылдан кейін әлем чемпионатының жартылай финалына шықты
Испания құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Бельгияны 2:1 есебімен жеңіп, 2010 жылғы чемпиондық жорығынан бері алғаш рет турнирдің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Лос-Анджелестегі «Лос-Анджелес Стэдиум» аренасында өткен кездесуде испаниялықтардың сапынан Фабиан Руис 30-минутта, ал Микель Мерино 88-минутта мергендік танытты. Бельгия құрамасының жалғыз голын 41-минутта Шарль Де Кетеларе соқты.
Кездесудің екінші бөлігінде бельгиялық қақпашы Тибо Куртуа сол жақ санының бұлшықетін жарақаттап, медициналық көмекке жүгінді. Ол 71-минутта көз жасына ерік беріп, алаңды тастап кетті. Оның орнына 24 жастағы Сенне Ламменс шықты.
Бұл матч Куртуа үшін әлем чемпионаттарындағы 21-кездесу болды. Осылайша ол бұл көрсеткіш бойынша Франция құрамасының бұрынғы қақпашысы Уго Льористі (20 матч) басып озып, әлем чемпионаттары тарихындағы ең көп ойын өткізген қақпашылар арасында екінші орынға көтерілді. Рекорд неміс қақпашысы Мануэль Нойерге тиесілі – 23 матч.
Испания ширек финалға 1/8 финалда Португалияны 1:0 есебімен жеңу арқылы шыққан еді. Ол кездесуде де жеңіс голын Микель Мерино соққан болатын.
Енді Испания құрамасы 14 шілде күні өтетін жартылай финалда Франциямен кездеседі.
Испания 2010 жылғы әлем чемпионатында чемпион атанғаннан кейін алғаш рет жартылай финалға жетіп отыр. Бұған дейін команда 2014 жылы топтық кезеңнен аса алмаса, 2018 жылы Ресейге, 2022 жылы Мароккоға 1/8 финалда жол берген.
Сонымен қатар бельгиялықтардың голы Испанияның әлем чемпионаттарындағы алты матчқа созылған «құрғақ» сериясын тоқтатты. Испандықтар соңғы рет 2022 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Жапония құрамасының ойыншысы Ао Танакадан гол жіберген еді.
Ал қақпашы Унаи Симонның әлем чемпионаттарындағы 649 минутқа созылған гол жібермеген рекордтық сериясы да осы кездесуде үзілді.
Испания шабуылшысы Ламин Ямаль әлем чемпионатындағы алтыншы ойынын өткізіп, 18 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы рекордты жаңартты. 13 шілдеде «Барселона» клубының жас вингері 19 жасқа толады.
Өз кезегінде Бельгия құрамасы турнирдегі өнерін аяқтады. Команда 2018 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына шыққан болатын. Сол жылы бельгиялықтар жартылай финалға дейін жетіп, кейін қола жүлдеге ие болған еді.
Әлем чемпионаттары аясында Испания мен Бельгия бұған дейін екі рет кездескен. 1986 жылғы ширек финалда бельгиялықтар пенальти сериясында жеңіске жетсе, 1990 жылғы топтық кезеңде Испания 2:1 есебімен қарымта қайтарған. Ал ресми кездесулерде испаниялықтар 1989 жылдан бері бельгиялықтарға есе жібермей келеді.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған