Иран құрамасына АҚШ аумағынан кету үшін бірнеше сағат қана берілген
Футболдан Иран ұлттық құрамасының бас бапкері Амир Галенои команда ойыншыларына АҚШ аумағынан кету үшін небәрі бірнеше сағат уақыт берілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Оның айтуынша, Бельгия құрамасына қарсы өткен матчтан кейін футболшылар Лос-Анджелестен шұғыл түрде ұшып шығуға мәжбүр болған.
«Біз кетуіміз керек», – деді Галенои матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Бапкердің сөзінше, мұндай шектеулер команданың дайындық жұмыстарына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Ол ойыншылардың толыққанды демалып, келесі кездесулерге сапалы дайындалуына мүмкіндік болмай отырғанын атап өтті.
Галенои сондай-ақ визаға қатысты шектеулер салдарынан командада матчқа дейін небәрі 16 сағат қана дайындық уақыты болғанын айтты. Енді футболшылар қысқа уақыт ішінде тағы да ұзақ сапарға шығуға мәжбүр.
«Мұндай жағдайға төтеп беріп, соған қарамастан жақсы ойын көрсету оңай емес», – деді Иран құрамасының бас бапкері.
Матч аяқталғаннан кейін шамамен екі жарым сағат өткен соң Иран құрамасын алып кеткен автобус стадионнан шығып кеткен. Жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері футболшылардың полиция күзетімен бірден әуежайға жеткізілгенін хабарлады.
Бұған дейін Иранның Мексикадағы елшісі ирандық ойыншыларға ойын күндерінен тыс уақытта АҚШ аумағында болуға рұқсат етілмейтінін мәлімдеген еді. Сондықтан команда әр матчтан кейін елден кетуге міндетті.
Осыған байланысты Иран футбол федерациясы халықаралық футбол қауымдастығына (ФИФА) ресми шағым түсіруді жоспарлап отыр.
Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионаты аясында өткен Бельгия мен Иран арасындағы кездесу 0:0 есебімен тең аяқталған болатын.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған