457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Германия құрамасы 12 жылдан кейін әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты

Осы жеңістің арқасында Германия құрамасы алты ұпай жинап, топтан шығу мәселесін мерзімінен бұрын шешті.

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінің екінші турында Германия құрамасы Кот-д'Ивуарды 2:1 есебімен жеңіп, мерзімінен бұрын плей-офф жолдамасын иеленді, деп хабарлайды malimsports.kz

Торонтодағы «Би-Эм-О Филд» стадионында өткен кездесуде неміс құрамасының екі голын да Дениз Ундав соқты. Ол 68 және 90+3 минуттарда мергендігімен көзге түсті. Ал Кот-д'Ивуар сапынан Франк Кессье 30-минутта есеп ашқан болатын.

Осы жеңістің арқасында Германия құрамасы алты ұпай жинап, топтан шығу мәселесін мерзімінен бұрын шешті. Немістер соңғы рет 2014 жылы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шығып, сол жылы чемпион атанған еді.

Германия алғашқы турда әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысып отырған Кюрасао құрамасын 7:1 есебімен ойсырата жеңген болатын. Екі матчтан кейін олардың еншісінде алты ұпай бар.

Бұл жеңіс Германияның қатарынан 11-ші жеңісі болды. Сонымен қатар неміс құрамасы әлем чемпионаттары тарихындағы соққан голдар саны бойынша Бразилиямен теңесті. Қазір екі құраманың да еншісінде 241 голдан бар.

Германия әлем чемпионаттары тарихындағы ең табысты құрамалардың бірі саналады. Немістер төрт мәрте әлем чемпионы атанған және мундиальға 21 рет қатысқан.

Ал Кот-д'Ивуар құрамасы алғашқы турда Эквадорды 1:0 есебімен жеңіп, үш ұпай еншілеген еді. Африкалық команда үшін бұл әлем чемпионатындағы төртінші қатысу болып отыр.

Үшінші турда Германия Эквадормен кездессе, Кот-д'Ивуар Кюрасао құрамасына қарсы алаңға шығады. Әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада 19 шілдеге дейін жалғасады.

Фото: Getty Images