457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

ФИФА Балогунға 40 мың доллар айыппұл салды

ФИФА мәліметінше, айыппұлдың 20 мың доллары ойыншының голды тойлау кезіндегі тәртіпке қайшы әрекеті үшін, ал қалған 20 мың доллары қызыл қағаз алып, тәртіптік ережелерді бұзғаны үшін тағайындалған.

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балогунға 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалындағы қызыл қағасына байланысты 40 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды malimsports.kz

ФИФА мәліметінше, айыппұлдың 20 мың доллары ойыншының голды тойлау кезіндегі тәртіпке қайшы әрекеті үшін, ал қалған 20 мың доллары қызыл қағаз алып, тәртіптік ережелерді бұзғаны үшін тағайындалған. Журналист Роб Харристің хабарлауынша, айыппұлдың жартысын АҚШ футбол федерациясы өтейді.

Балогун Босния және Герцеговина құрамасына қарсы өткен кездесудің 64-минутында қарсылас қорғаушы Тарик Мұхаремовичтің тобығына қауіпті соққы жасап, VAR қаралғаннан кейін тікелей қызыл қағаз алған. Кездесу АҚШ құрамасының 2:0 есебімен жеңісімен аяқталды. Матчтан кейін Балогун алаңға қайта шығып, командаластарымен бірге жеңісті атап өткен.

Ереже бойынша, шабуылшы Бельгияға қарсы 1/8 финалдық матчты өткізіп жіберуі тиіс еді. Алайда 5 шілдеде ФИФА-ның тәртіптік комитеті дисквалификацияның күшін бір жылдық сынақ мерзімімен уақытша тоқтатып, Балогунға плей-офф матчына қатысуға рұқсат берді.

Бұл шешім үлкен пікірталас тудырды. Бельгия футбол қауымдастығы оны «бұрын-соңды болмаған» әрі «түсініксіз шешім» деп бағаласа, Бельгия құрамасының бас бапкері Руди Гарсия оны «сәуірдің әзіліне ұқсайды» деп сынға алды. Бельгия тарапының апелляциясын ФИФА қарауға қабылдаған жоқ.

Сондай-ақ, The Guardian басылымы АҚШ президенті Дональд Трамптың Балогун мәселесіне қатысты ФИФА-ға бірнеше рет хабарласқанын жазды. Трамп бұл ақпаратты растағанымен, ФИФА президенті Джанни Инфантино ұйымның тәртіптік органдары тәуелсіз жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Анықтама: АҚШ пен Бельгия құрамалары арасындағы 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалдық кездесуі 7 шілде күні Сиэтлде өтеді.

Фото: Getty Images