ФИФА әлем чемпионатына қатысатын құрамалар санын 64-ке дейін көбейтуді қарастырып жатыр
Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино футболдан әлем чемпионатына қатысатын құрамалар санын 64-ке дейін арттыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
56 жастағы ұйым басшысы бұл туралы blue Sport басылымына берген сұхбатында айтып, 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін бұл мәселе жан-жақты талқыланатынын жеткізді.
Инфантиноның айтуынша, жаңа формат қабылданса, турнирге 64 құрама қатысып, олар 16 топқа бөлінеді. Мұндай жағдайда әлем чемпионатында жалпы саны 128 матч өтеді. Бұл қазіргі 48 команда қатысып жатқан турнирмен салыстырғанда 24 ойынға көп.
Сонымен бірге ФИФА президенті жаңа жүйеде әр құраманың өткізетін матч саны өзгермейтінін атап өтті. Оның орнына топтық кезеңнің бұрынғы форматы қайта енгізіліп, әр топтан екі үздік команда плей-оффтың 1/16 финалына жолдама алады.
Әлем чемпионаты туралы тек Еуропа мен Оңтүстік Америка ғана емес, бүкіл әлем армандауы керек, – деді Джанни Инфантино.
ФИФА басшысы 48 команда қатысқан қазіргі әлем чемпионатының жоғары деңгейде өтіп жатқанын да ерекше атап өтті. Оның айтуынша, барлық құрлықтың өкілдері ұпай еншілеп, көптеген құрамалар плей-офф кезеңіне жолдама алған.
Бұл мүмкіндігінше көп елге әлем чемпионатына қатысуға жағдай жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті, – деді ол.
Еске салайық, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнирдің финалдық кезеңіне төрт матч қалды. Жартылай финалда Франция – Испания және Англия – Аргентина құрамалары кездеседі. Ал келесі, 2030 жылғы әлем чемпионатын Испания, Португалия, Марокко, Аргентина, Уругвай және Парагвай бірлесіп қабылдайды.
Фото: Global Look Press
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған