Эквадор президенті ұлттық құраманың плей-оффқа шығуына байланысты демалыс күнін жариялады
Эквадор президенті Даниэль Нобоа ұлттық құраманың 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шығуына байланысты елде мемлекеттік демалыс күнін жариялады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Мемлекет басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында футболшылар мен бапкерлер штабына алғыс айтып, олардың сын мен қиындықтарға қарамастан елге зор қуаныш сыйлағанын атап өтті.
«Сынға, қорлауға және ауыр сынақтарға қарамастан, еңселеріңізді тіктеп, бүкіл елге үлкен қуаныш сыйлаған ойыншылар мен бапкерлерге рақмет. Ертең – мемлекеттік мереке! Жасасын Эквадор!» - деп жазды Даниэль Нобоа.
Эквадор құрамасы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы турда Германияны 2:1 есебімен сенсациялық түрде жеңіп, 2006 жылдан бері алғаш рет плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Бұл жеңістен кейін Эквадор төрт ұпай жинап, өз тобында үшінші орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш үздік үшінші орын алған сегіз құраманың қатарына енуге және турнирдің келесі кезеңіне шығуға жеткілікті болды. Топта Германия мен Кот-д'Ивуар алты ұпайдан жинап, алғашқы екі орынды иеленді.
Эквадор құрамасының 1/16 финалдағы қарсыласы кейінірек анықталады.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет 48 ұлттық құраманың қатысуымен өтіп жатыр. Турнирді АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп қабылдауда. Финалдық кездесу мен үшінші орын үшін матч 19 шілдеде өтеді.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған