Египет құрамасы әлем чемпионаттарындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Футболдан Египет ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші матчында Жаңа Зеландияны 3:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы жеңісін тіркеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ванкувер қаласында өткен кездесудің алғашқы таймынан кейін Жаңа Зеландия алда болды. Матчтың 15-минутында Финн Сёрман есеп ашып, өз командасын алға шығарды.
Алайда екінші таймда мысырлықтар ойын тізгінін қолға алып, камбэк жасады. Алдымен 58-минутта Мостафа Зико таразы басын теңестірсе, 67-минутта Мохамед Салах Египетті алға шығарды. Ал 82-минутта Трезеге үшінші голды соғып, матч тағдырын түбегейлі шешті.
Бұл екі құрама әлем чемпионаттары аясында алғаш рет кездесті. Бұған дейін олар 2024 жылы жолдастық матчта ойнап, онда да Египет 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Қазіргі әлем чемпионаты Египет үшін тарихындағы төртінші мундиаль саналады. Мысырлықтар алғаш рет 1934 жылғы әлем чемпионатына қатысып, 1/8 финалда Венгриядан жеңілген. Ал 1990 және 2018 жылдары топтық кезеңнен аса алмай, бірде-бір жеңіске қол жеткізе алмаған еді.
Биылғы турнирді Египет Бельгиямен 1:1 есебіндегі тең нәтижемен бастаған болатын. Жаңа Зеландия алғашқы турда Иранмен 2:2 есебімен тең ойнаған еді.
Осы жеңістен кейін Египет төрт ұпай жинап, G тобының көшбасына айналды. Бұл топта Иран мен Бельгия құрамалары да өнер көрсетуде. Ал Жаңа Зеландия бір ұпаймен соңғы орында тұр.
Топтық кезеңнің соңғы турында, 27 маусым күні Египет Иранмен кездессе, Жаңа Зеландия Бельгия құрамасына қарсы алаңға шығады.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған