Аргентина құрамасын мыңдаған жанкүйер елге оралғанда қарсы алды
Футболдан әлем чемпионатының финалында жеңіліс тапқан Аргентина ұлттық құрамасын елге оралған сәтте мыңдаған жанкүйер ыстық ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
La Nacion басылымының мәліметінше, ұлттық құраманы мінген ұшақ Буэнос-Айрес қаласындағы Эсейса халықаралық әуежайына қонды. Әуежайда футболшылар қызыл кілеммен жүріп өтті. Сонымен қатар әуежай әкімшілігі көгалға алып әріптермен «Gracias!» («Рақмет!») деген жазу орналастырып, командаға құрмет көрсетті.
Артынша Аргентина құрамасының ойыншылары ашық автобуспен Буэнос-Айрес көшелері арқылы ұлттық құраманың жаттығу базасына бет алды. Көшелерге жиналған мыңдаған жанкүйер мемлекеттік туларын желбіретіп, отшашу атып, ән айтып, футболшыларға қолдау білдірді. Финалдағы жеңіліске қарамастан, аргентиналықтар өз құрамасын чемпиондарға лайық құрметпен қарсы алды.
Алайда команда капитаны Лионель Месси мен тағы тоғыз футболшы делегациямен бірге Аргентинаға оралған жоқ. Аргентина футбол қауымдастығының (AFA) мәліметінше, бірқатар ойыншы АҚШ-тан тікелей өз клубтарына немесе демалыс орындарына аттанған.
Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Аргентина құрамасы қосымша уақытта Испаниядан 0:1 есебімен жеңіліп, 2022 жылы Қатарда жеңіп алған чемпиондық атағын қорғай алмады.
Аргентина құрамасы әлем чемпионатын үш рет жеңіп алған. Олар 1978 жылы Нидерландты, 1986 жылы Германия Федеративтік Республикасын және 2022 жылы Францияны финалда жеңіп, әлем чемпионы атанса, тағы төрт мәрте әлем біріншілігінің күміс жүлдесін иеленген.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған