457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Аргентина футболшысының әлем чемпионаты финалында алған қызыл қағазының күші жойылды

Шешуші кездесуде Аргентина құрамасы Испаниядан 0:1 есебімен жеңіліп, күміс жүлдегер атанған болатын.

Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) 2026 жылғы әлем чемпионатының финалынан кейін Аргентина құрамасының жартылай қорғаушысы Леандро Паредеске көрсетілген қызыл қағаздың күшін жойды, деп хабарлайды malimsports.kz

Шешуші кездесуде Аргентина құрамасы Испаниядан 0:1 есебімен жеңіліп, күміс жүлдегер атанған болатын. Паредес алаңға матчтың 52-минутында шыққан.

Ойын аяқталғаннан кейін алаңда екі құраманың ойыншылары арасында жанжал туындады. Сол сәтте Леандро Паредес Испания құрамасының қорғаушысы Эрик Гарсияның жағасынан ұстап, кейін жартылай қорғаушы Гавиді жерге құлатқан. Осы әрекеті үшін бас төреші аргентиналық футболшыға қызыл қағаз көрсеткен еді.

Алайда кейін бұл тәртіптік жаза матчтың ресми хаттамасынан алынып тасталды. FIFA өкілдері BBC басылымына берген мәлімдемесінде, аталған сәтте Паредеске қатысты ешқандай тәртіптік шешім күшіне енбегенін растады.

Соған қарамастан FIFA әлем чемпионатының финалында Аргентина құрамасы ойыншыларының әрекеттеріне қатысты тергеу жүргізетінін хабарлады. Ұйымның назарында тек Паредес емес, қорғаушы Науэль Молинаның Испания капитаны Родриге қол көтеруі, сондай-ақ Аргентина құрамасы бапкерлер штабының мүшесі Роберто Аяланың испаниялық жартылай қорғаушы Дани Ольмоға соққы жасауға әрекеттенген эпизоды да бар.

Бұған дейін Леандро Паредестің әлем чемпионатының соңғы үш матчында қабырғасы жарылған күйде алаңға шыққаны белгілі болған еді. Ол жарақатты ширек финал алдындағы кезеңде алғанына қарамастан, командасына көмектесу үшін ойындарын жалғастырған.

32 жастағы Леандро Паредес Аргентина ұлттық құрамасы сапында 84 матч өткізіп, бес голдың авторы атанған. Қазіргі таңда ол Аргентинаның «Бока Хуниорс» клубында өнер көрсетеді.

Айта кетейік, Аргентина құрамасы футболдан әлем чемпионатын үш рет жеңіп алған. Олар 1978 жылы Нидерландты, 1986 жылы Германия Федеративтік Республикасын, ал 2022 жылы Францияны финалда жеңіп, әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар аргентиналықтар әлем біріншілігінде төрт мәрте күміс жүлдеге ие болған.

Фото: Getty Images