Англия құрамасы 2018 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шықты
Футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Англия құрамасы Норвегияны қосымша уақытта 2:1 есебімен жеңіп, турнирдің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Майамиде өткен кездесуде норвегиялықтар сапынан Андреас Шельдеруп 36-минутта есеп ашты. Алайда бірінші таймға қосылған уақытта Джуд Беллингем таразы басын теңестірді. Қосымша уақыттың 93-минутында Беллингем тағы бір гол соғып, Англияға жеңіс сыйлады.
Матчтың 55-минутында норвегиялық Торбьерн Хеггем Англия қақпасын дәл көздегенімен, төреші Эрлинг Холандтың Эллиот Андерсонға қарсы ереже бұзғанын анықтап, голды есепке алған жоқ.
Осылайша Англия құрамасы 2018 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Ресейде өткен мундиальда ағылшындар жартылай финалдан өте алмай, кейін қола жүлде үшін матчта Бельгиядан 0:2 есебімен жеңілген болатын. Ал 2022 жылғы әлем чемпионатында ширек финалда Францияға есе жіберген еді.
Өз кезегінде Норвегия құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына дейін жетіп, тарихи жетістікке қол жеткізді.
Жартылай финалда Англия құрамасы 15 шілдеде Аргентинамен кездеседі. Ал екінші жартылай финалда 14 шілдеде Испания мен Франция құрамалары финал жолдамасын сарапқа салады.
Әлем чемпионатының қола жүлде үшін кездесуі 18 шілдеде Майамиде өтсе, финалдық матч 19 шілдеде Нью-Йоркте ұйымдастырылады.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған