457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Әлем чемпионатының финалын словениялық төреші басқарады

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының Испания мен Аргентина құрамалары арасындағы финалдық кездесуіне словениялық төреші Славко Винчич бас төреші болып тағайындалды, деп хабарлайды malimsports.kz.

Шешуші матч 20 шілдеде АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы MetLife Stadium аренасында өтеді. Кездесу Астана уақытымен 00:00-де басталады.

46 жастағы Винчичке отандастары Томаж Кланчник пен Андраж Ковачич қапталдағы төреші ретінде көмектеседі. Ал қосалқы төреші қызметін иорданиялық Адхам Махадмех атқарады.

Славко Винчич 2010 жылдан бері FIFA санатындағы төреші. Ол Еуро-2020, Еуро-2024 және 2022 жылғы әлем чемпионатының ойындарын басқарған тәжірибелі маман. Биылғы мундиальда үш кездесуге төрелік етті: Бразилия – Марокко (1:1), Иордания – Алжир (1:2) және 1/16 финалдағы Мексика – Эквадор (2:0). Осы үш матчта ол жеті сары қағаз бен бір қызыл қағаз көрсетті.

Винчич 2022 жылғы әлем чемпионатында Аргентина мен Сауд Арабиясы арасындағы топтық кезең ойынын да басқарған болатын. Сол кездесуде Аргентина күтпеген жерден 1:2 есебімен жеңіліс тапты. Матч барысында ол аргентиналықтардың пайдасына пенальти белгілеп, кейін офсайдқа байланысты олардың үш голын есепке алмады.

Аргентина құрамасы өз тарихында төртінші рет әлем чемпионатының финалына шығып отыр. Оңтүстікамерикалықтар бұған дейін 1978, 1986 және 2022 жылдары әлем чемпионы атанған. Ал Испания финалға тарихында екінші мәрте жолдама алды. Испаниялықтар алғашқы әрі әзірге жалғыз әлем чемпиондығын 2010 жылы жеңіп алған.

Айта кетейік, үшінші орын үшін өтетін Франция мен Англия арасындағы кездесуге венесуэлалық төреші Хесус Валенсуэла қазылық етеді.

 

Фото: Carl Recine / Getty Images