Әлем чемпионатында жұлдызға айналған қақпашы жаңа клубпен келісімге келді
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында жарқын ойынымен көзге түскен Кабо-Верде құрамасының қақпашысы Возинья мансабын Чилидің «Коло-Коло» клубында жалғастырады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы журналистер Фабрицио Романо мен Герман Гарсия Грова X әлеуметтік желісінде хабарлады. Тараптар келісімге келген, ал 40 жастағы қақпашымен жасалған келісімшарт алдағы күндері ресми түрде жарияланады деп күтілуде.
Кабо-Верде құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, дебюттік мундиальда H тобында екінші орын алды. Команда Испаниямен (0:0), Уругваймен (2:2) және Сауд Арабиясымен (0:0) тең ойнап, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Ал 1/16 финалда Аргентинаға тек қосымша уақытта 2:3 есебімен жол берді.
Возинья әлем чемпионатындағы сенімді ойынының арқасында әлеуметтік желілерде де зор танымалдыққа ие болды. Қазір оның Instagram парақшасына 29,5 миллион адам жазылған. Бұл – қақпашылар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Айта кетейік, әлем чемпионаты басталғанға дейін Возиньяның Instagram-дағы оқырмандары шамамен 50 мың ғана болған. Жазылушылар саны топтық кезеңнің алғашқы турында Испания қақпасына гол жібермей, сенсациялық нәтиже көрсеткеннен кейін күрт өсті.
Соңғы екі маусымда тәжірибелі қақпашы Португалияның екінші дивизионында өнер көрсететін «Шавеш» клубының намысын қорғады. Шілде айынан бері ол еркін агент мәртебесінде жүрген болатын.
Фото: Michael Steele / Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған