Әлем чемпионатында мұсылман ойыншылар үшін демеуші логотипі алынып тасталды
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында ФИФА мұсылман футболшылардың діни сенімдерін ескеріп, матчтың үздік ойыншысына берілетін сыйлықтың арнайы нұсқасын ұсынуда, деп хабарлайды malimsports.kz.
Негізгі марапаттың атауы алкоголь өнімін өндіретін демеуші брендпен байланысты болғандықтан, мұсылман ойыншыларға табысталатын нұсқада сыра брендіне қатысты жазулар алынып тасталған. Сонымен қатар оларды марапаттау кезінде демеуші логотиптері жоқ, тек ФИФА белгісі бейнеленген арнайы фонда суретке түсіреді.
Мұндай марапатты алғандардың қатарында марокколық Исмаэль Сайбари, мысырлық Эмам Ашур, иорданиялық Әли Олван, ирандықтар Рамин Резаиан мен Әлиреза Бейранванд, катарлық қақпашы Махмуд Абунада және Кот-д’Ивуар футболшысы Ян Диоманде бар.
ФИФА өкілдерінің айтуынша, діни сенімдерді құрметтеу мақсатында ойыншының өтініші бойынша демеушілік брендингсіз арнайы марапат пен фон ұсынылады. Осындай тәжірибе алкоголь тұтынуға заң бойынша жасы жетпеген ойыншыларға да қолданылады.
Айта кетейік, 2018 жылғы әлем чемпионатында Мысыр құрамасының шабуылшысы Мохамед Салах пен оның командаласы алкоголь өндіруші компания демеушілік жасаған матч үздігі сыйлығынан бас тартқан болатын.
2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде аяқталады.
Фото: ФИФ-ның ресми сайтынан
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған