Әлем чемпионаты: Иран мен Бельгия тең түсті
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші тур матчында Иран мен Бельгия құрамалары тең түсті, деп хабарлайды malimsports.kz.
АҚШ-тың Калифорния штатындағы Инглвуд қаласында өткен G тобының кездесуі 0:0 есебімен аяқталды.
Матчтың 25-минутында ирандық шабуылшы Мехди Тареми есеп ашқанымен, VAR жүйесінің көмегімен гол офсайдқа байланысты есепке алынбады.
Ал 66-минутта бельгиялық қорғаушы Натан Нгой тікелей қызыл қағаз алып, командасын алаңда он ойыншымен қалдырды.
Бельгия құрамасының негізгі құрамында қақпашы Тибо Куртуа мен ұлттық құраманың үздік сұрмергені Ромелу Лукаку алаңға шықты. Куртуа әлем чемпионаттарындағы ойын саны бойынша бельгиялық Энцо Шифоның ұлттық рекордын қайталап, мундиальдағы 17-матчын өткізді.
Осы нәтижеден кейін Бельгия құрамасының 2025 жылдың наурыз айынан бергі жеңіліссіз сериясы жалғасты. Команда осы аралықта тоғыз жеңіске жетіп, алты матчта тең түсті.
Иран құрамасы да ерекше көрсеткішке қол жеткізді. Opta дерегінше, команда әлем чемпионаттары тарихындағы ең егде негізгі құрамды алаңға шығарды. Ирандық футболшылардың орташа жасы 32 жас 181 күнді құраса, ең жас ойыншының өзі 27 жаста болған.
Айта кетейік, Иран құрамасының барлық матчтары АҚШ-та өткенімен, команда Мексикадағы оқу-жаттығу базасында орналасқан.
Топтық кезеңнің соңғы турында 27 маусымда Иран Египетпен кездессе, Бельгия Жаңа Зеландиямен ойнайды.
Плей-оффтың 1/16 финалына шығу үшін командалар өз тобында алғашқы екі орынның бірін алуы немесе үшінші орын иеленген құрамалар арасындағы үздік сегіздіктің қатарына кіруі қажет.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған