Әлем чемпионаты: Англия құрамасы Хорватиядан басым түсті
Футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі алғашқы матчында Англия құрамасы Хорватияны 4:2 есебімен жеңді, деп хабарлайды malimsports.kz.
АҚШ-тың Арлингтон қаласында өткен кездесуде ағылшындардың шабуылшысы Гарри Кейн дубль авторы атанып, 12 және 42-минуттарда мергендігімен көзге түсті. Сонымен қатар Джуд Беллингем (47-минут) мен Маркус Рашфорд (85-минут) та гол соқты.
Хорватия құрамасы сапынан Мартин Батурина 36-минутта, ал Петар Муса бірінші таймға қосылған уақытта (45+5) есеп айырмасын қысқартты.
Матч барысында Англия құрамасының капитаны Харри Кейн әлем чемпионаттары тарихындағы пенальтиден ең көп гол соққан футболшы атанып, жаңа рекорд орнатты. Бұл көрсеткішке матчтан кейінгі пенальти сериялары кірмейді.
Айта кетейік, Англия құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Хорватиядан жеңілгеннен кейін бұл қарсыласына жол берген жоқ. Содан бері англиялықтар үш рет жеңіске жетті.
Әлем чемпионаты басталар алдында Англия құрамасы қолайсыз жағдайға тап болған еді. Белгісіз адамдар команданың жұлдызды футболшыларының, соның ішінде Харри Кейн мен Джуд Беллингемнің бутсыларын және жаттығу жабдықтарын ұрлап кеткен. Осы оқиғаға байланысты екі адам ұсталғаны хабарланды.
Англия мен Хорватия L тобында Гана және Панама құрамаларымен бірге өнер көрсетеді.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир тарихта алғаш рет 48 құраманың қатысуымен ұйымдастырылуда.
Фото: Getty Images
Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфиновтың жалақысы белгілі болды
Ең көп оқылған