457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

ӘЧ-2026: Жартылай финалға кім жолдама алады?

Ойын АҚШ-тың Майами-Гарденс қаласындағы Hard Rock Stadium аренасында өтеді. 

Бүгін түнде Норвегия мен Англия құрамалары 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалында кездеседі, деп хабарлайды malimsports.kz.

Ойын АҚШ-тың Майами-Гарденс қаласындағы Hard Rock Stadium аренасында өтеді. Норвегия құрамасы топтық кезеңде Иракты (4:1) және Сенегалды (3:1) жеңіп, мерзімінен бұрын плей-офф кезеңіне шықты. Соңғы турда бас бапкер Столе Сольбаккен негізгі құрам ойыншыларына демалыс беріп, Франциядан 1:4 есебімен жеңілді.

Бұл шешім өзін ақтады. Плей-офф кезеңінде норвегиялықтар алдымен Кот-д'Ивуарды (2:1), кейін Бразилияны (2:1) жеңіп, өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды. Бұған дейін Норвегия әлем чемпионатына тек үш рет – 1938, 1994 және 1998 жылдары қатысқан болатын.

Холанд – Норвегияның басты үміті

Эрлинг Холанд турнир барысында жеті гол соғып, сұрмергендер тізімінде Лионель Мессиден (8 гол) кейін екінші орында келеді.

Команданың шабуылындағы нәтижелі ойынға Мартин Эдегор мен Андреас Шельдеруп та үлкен үлес қосуда. Екеуі де үш нәтижелі пас берген. Патрик Бергтің еншісінде екі ассист бар. Сонымен қатар Антонио Нуса, Тело Осгор, Лео Эстигор және Маркус Педерсен бір-бір голдан соқса, Давид Меллер Вольф бір нәтижелі паспен көзге түсті.

Англия көшбасшылары – Кейн мен Беллингем

Англия құрамасы топтық кезеңде Хорватияны (4:2) және Панаманы (2:0) жеңіп, Ганамен (0:0) тең түсті.

Плей-офф кезеңінде ағылшындар ДР Конгоны 2:1 есебімен жеңіп, кейін он ойыншымен қалғанына қарамастан турнир қожайындарының бірі Мексиканы 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Англия құрамасының басты көшбасшылары – Харри Кейн мен Джуд Беллингем. Кейн турнирде алты гол соқса, Беллингем төрт мәрте мергендігімен көзге түсті. Екеуінің де бір-бір нәтижелі пасынан бар.

Букайо Сака үш ассист жасаса, Энтони Гордон екі нәтижелі пас берді. Деклан Райс пен Эллиот Андерсон да бір-бір нәтижелі пас авторы атанды. Маркус Рэшфорд бір гол соқты.

Жеке кездесулер статистикасы

Құрамалар ресми кездесулерде төрт рет ойнаған. 1982 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Англия өз алаңында 4:0 есебімен жеңсе, Норвегия жауап матчында 2:1 есебімен басым түсті.

1994 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде Лондонда өткен ойын 1:1 есебімен аяқталса, Ослодағы кездесуде Норвегия 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Бұдан бөлек, құрамалар он жолдастық матч өткізген. Оның жетеуінде Англия жеңіске жетсе, үш ойын тең аяқталған. XXI ғасырдағы екі кездесуде де ағылшындар 1:0 есебімен басым түсті.

Фото: ВВС