ӘЧ-2026: Роналду Өзбекстанға қарсы өткен матчтан кейін пікір білдірді
Португалия құрамасының көшбасшысы, тәжірибелі шабуылшы Криштиану Роналду 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші турда Өзбекстанды 5:0 есебімен жеңгеннен кейін матч туралы пікір білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Кездесуде дубль авторы атанған Роналду командасының ойынына жоғары баға беріп, бұл жеңістің Португалия үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Бүгінгі нәтижеге қуаныштымын. Ең бастысы – команданың көрсеткен ойыны мен өз күшіне деген сенімі. Біз алаңда жақсы қимылдап, алдыңғы матчпен салыстырғанда әлдеқайда сапалы футбол көрсеттік. Кейде қиын сәттердің артында жаңа мүмкіндік тұрады. Бұл жеңіс бізге сенім берді. Жеке рекордтар да маңызды, бірақ мен үшін бірінші орында әрдайым ұлттық құраманың жетістігі тұрады», – деді Роналду.
Өзбекстанға қарсы матчта португалиялық шабуылшы әлем чемпионаттарындағы гол санын 10-ға жеткізіп, Португалия құрамасының мундиальдар тарихындағы ең үздік сұрмергені атанды. Осылайша ол тоғыз гол соққан аңыз ойыншы Эйсебионың көрсеткішінен асып түсті.
Бұдан бөлек, Роналду әлем чемпионаттарының алты бірдей турнирінде гол соққан футбол тарихындағы алғашқы ойыншы ретінде тағы бір рекорд орнатты. Ол 2006, 2010, 2014, 2018, 2022 және 2026 жылғы мундиальдарда мергендігімен көзге түсті.
Бұл жеңістен кейін Португалия құрамасы төрт ұпай жинап, К тобында бірінші орынға көтерілді. Топтық кезеңнің соңғы турында португалиялықтар Колумбиямен кездессе, Өзбекстан құрамасы ДР Конгоға қарсы алаңға шығады.
Фото: Reuters
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған