ӘЧ-2026: Норвегия, Франция және Мексика 1/8 финалға жолдама алды
АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында плей-офф кезеңінің алғашқы ойындары жалғасып жатыр, деп хабарлайды malimsports.kz.
Кезекті ойын күнінің қорытындысы бойынша тағы үш құрама – Норвегия, Франция және Мексика 1/8 финалға жолдама алды.
Норвегия құрамасы 1/16 финалда Кот-д'Ивуармен кездесіп, тартысты матчта 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ойынның алғашқы бөлігінде Антонио Нуса есеп ашып, командасын алға шығарды. Екінші таймда Амад Диалло таразы басын теңестіргенімен, кездесудің 86-минутында Эрлинг Холанд жеңіс голын соғып, норвегиялықтарды келесі кезеңге алып шықты.
Тағы бір кездесуде Франция құрамасы Швецияны 3:0 есебімен сенімді жеңді. Матчтағы алғашқы голды бірінші таймға қосылған уақытта Килиан Мбаппе соқты. Үзілістен кейін Брэдли Баркола есеп айырмасын ұлғайтса, 74-минутта Мбаппе дубль авторы атанып, ойынның нүктесін қойды. Осы жеңістен кейін Франция құрамасы 1/8 финалға жолдама алып, келесі кезеңде Германияны пенальти сериясында жарыстан шығарған Парагваймен кездесетін болды.
Плей-оффтың тағы бір матчында турнир қожайындарының бірі – Мексика құрамасы Эквадорды 2:0 есебімен ұтты. Мексикалықтар ойын тізгінін алғашқы минуттардан-ақ өз қолына алып, шабуылда белсенді әрекет етті. 22-минутта Хулиан Киньонес есеп ашса, көп ұзамай Рауль Хименес екінші голды соғып, өз командасының жеңісін бекемдеді.
Осылайша Норвегия, Франция және Мексика әлем чемпионатының 1/8 финалына шыққан құрамалар қатарына қосылды.
Бұған дейін жарыстың келесі кезеңіне Канада, Бразилия, Парагвай және Марокко жолдама алған болатын.
Фото: ФИФА
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған