ӘЧ-2026: Мбаппе Францияның Испаниядан неге жеңіліп қалғанын түсіндірді
Франция құрамасының капитаны Килиан Мбаппе 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Испаниядан жеңілуінің басты себебі ретінде команданың өз ойын көрсете алмағанын атады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Футболшының айтуынша, француздар тактикалық әрі техникалық тұрғыдан қарсыласынан төмен деңгейде өнер көрсеткен.
«Біз өзіміз қалаған ойынды көрсете алмадық. Тактикалық жағынан да, техникалық жағынан да талапқа сай болмадық. Әлем чемпионатының жартылай финалында өзің атқаруға тиіс дүниені орындай алмасаң, жеңіске жету мүмкін емес», – деді Мбаппе.
Ол Испания құрамасының ойын жоспарын толық жүзеге асырғанын және матч барысын бақылауда ұстағанын атап өтті.
«Олар допты бізден жақсы бақылады. Біз өз ойынымызды қарсыласқа таңып, оған қиындық туғыза алмадық. Техникалық қателіктер де көп болды. Әділ бағалайтын болсақ, финалға шығу үшін берілген мүмкіндіктерді толық пайдалана алмадық», – деді Франция құрамасының капитаны.
Айта кетейік, 27 жастағы Килиан Мбаппе әлем чемпионатында сегіз гол соғып, Франция құрамасының үздік сұрмергені атанды.
Еске салайық, жартылай финалда Франция Испанияға 0:2 есебімен жол беріп, турнирдің финалына шыға алмады.
Енді француздар 19 шілдеде өтетін үшінші орын үшін матчта Англия мен Аргентина арасындағы екінші жартылай финалда жеңілген құрамамен кездеседі.
Фото: David Ramos / Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған