ӘЧ-2026: Бесінші ойын күніндегі төрт матч тең аяқталды, Испания Кабо-Вердені жеңе алмады
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының бесінші ойын күні күтпеген нәтижелермен есте қалды. Сол күнге жоспарланған төрт матчтың барлығы тең есеппен аяқталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Алғашқы болып алаңға Испания мен Кабо-Верде құрамалары шықты. Н тобы аясындағы кездесуде испаниялықтар сенсациялық түрде Кабо-Верде құрамасын жеңе алмай, ұпай бөлісті.
Ойын алдында айқын фаворит саналған Испания құрамасы матч бойы басымдық танытып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алайда қарсылас қақпасының кілтін таба алмады. Кездесудің басты кейіпкері Кабо-Верде құрамасының қақпашысы Возинья болды. Тәжірибелі голкипер бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, командасын гол жіберуден сақтап қалды.
Статистикаға сәйкес, Испания құрамасы матч барысында қарсылас қақпасына 27 рет соққы жасап, оның жетеуін қақпа бағанына дәл бағыттады. Ал әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отырған Кабо-Верде құрамасы алты соққымен шектеліп, оның біреуі ғана қақпаға дәл тиді.
Бұл нәтиже Кабо-Верде үшін турнирдегі маңызды жетістіктердің бірі ретінде бағаланып отыр.
Түнгі және таңғы уақытта өткен өзге матчтарда да гол соғылғанымен, жеңімпаз анықталмады.
Бельгия құрамасы Мысырмен кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті. Сауд Арабиясы мен Уругвай арасындағы матч та дәл осындай нәтижемен аяқталды. Кездесудегі есепті бірінші таймда саудиялық футболшылар ашқанымен, Уругвай құрамасы екінші таймның соңында таразы басын теңестіріп, жеңілістен құтылып қалды.
Ал таңға жақын өткен Иран мен Жаңа Зеландия арасындағы кездесу тартысты өрбіп, командалар 2:2 есебімен тең ойнады.
Осылайша, әлем чемпионатының бесінші ойын күні төрт матчтың да тең аяқталуымен ерекшеленді.
Фото: ©instagram.com/sefutbol
Бүгін қазақстандық клубтардың Еурокубоктағы алғашқы қарсыластары анықталады
Ең көп оқылған