ӘЧ-2026: 1/8 финалда бақ сынайтын бес жұп анықталды
АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында плей-офф кезеңінің қыза түсер сәті жақындады. Қазіргі уақытта 1/8 финалдағы сегіз жұптың бесеуі белгілі болды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Әзірге соңғы жолдама АҚШ құрамасының еншісіне тиді. Турнир қожайындарының бірі Босния және Герцеговина құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңде Бельгиямен кездесуге мүмкіндік алды.
Осылайша, қазіргі таңда 1/8 финалда Франция мен Парагвай, Канада мен Марокко, АҚШ пен Бельгия, Бразилия мен Норвегия, сондай-ақ Мексика мен Англия құрамалары өзара күш сынасатыны белгілі болды.
Қалған үш жұптың құрамы алдағы 1/16 финал матчтарынан кейін анықталады. Олар:
Португалия/Хорватия – Испания/Аустрия;
Аргентина/Кабо-Верде – Аустралия/Мысыр;
Швейцария/Алжир – Колумбия/Гана.
Ширек финалда Парагвай – Франция жұбының жеңімпазы Канада – Марокко кездесуінің үздігімен кездеседі. Ал АҚШ – Бельгия матчында жеңіске жеткен құрама Португалия/Хорватия мен Испания/Аустрия арасындағы ойынның жеңімпазымен жолығады.
Турнирдің екінші бөлігінде Бразилия немесе Норвегия ширек финалда Мексика не Англияның бірімен кездеседі. Ал Аргентина, Кабо-Верде, Аустралия, Мысыр, Швейцария, Алжир, Колумбия және Гана құрамалары қалған ширек финал жолдамасы үшін таласады.
Еске салайық, әлем чемпионатының 1/8 финалдық кездесулері 4-8 шілде аралығында өтеді. Ширек финалдар 9-12 шілдеге, жартылай финалдар 14-15 шілдеге жоспарланған. Үшінші орын үшін матч пен финал 19 шілде күні өтеді.
Фото: ©OCF
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған