457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

2010 жылғы мундиалдың үздік ойыншысы Уругвайдың бас бапкері атанды

2010 жылғы футболдан әлем чемпионатының үздік ойыншысы Диего Форлан Уругвай ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды malimsports.kz.

Бұл туралы Уругвай футбол қауымдастығының (AUF) президенті Игнасио Алонсоның мәлімдемесіне сілтеме жасаған Marca басылымы мәлімдеді.

47 жастағы маманмен жасалған келісімшарт 2027 жылдың наурызына дейін есептелген. Осы мерзім аяқталғаннан кейін тараптар ынтымақтастықты жалғастыру мәселесін команданың нәтижесі мен қауымдастықтағы сайлау қорытындысына қарай қарастырады.

Форлан бұл қызметте Марсело Бьелсаны алмастырды. Бьелса жетекшілік еткен кезеңде Уругвай құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама алғанымен, топтық кезеңнен аса алмады. Команда Сауд Арабиясымен (1:1) және Кабо-Вердемен (2:2) тең түсіп, Испаниядан (0:1) жеңіліп, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.

Футболшы ретінде Диего Форлан Англияның «Манчестер Юнайтед», Испанияның «Атлетико» және Италияның «Интер» клубтарының намысын қорғады. Ол Англия чемпионатын, Англия кубогын, сондай-ақ «Атлетико» сапында УЕФА Еуропа лигасы мен УЕФА Суперкубогын жеңіп алған.

Уругвай құрамасы сапында 2002–2014 жылдары өнер көрсеткен Форлан 112 матчта 36 гол соқты. Ол 2010 жылғы әлем чемпионатында бес гол соғып, турнирдің үздік ойыншысы атанды және Уругвай құрамасын қола медальға жеткізді.

Кәсіби мансабын 2019 жылы аяқтаған Форлан бапкерлік жолын сол жылы желтоқсанда «Пеньяроль» клубында бастады. Кейін «Атенас» клубын да жаттықтырды. Енді ол алғаш рет ұлттық құраманың тізгінін ұстап отыр.

 

Фото: Kevin Dietsch / Getty Images