UWW күнтізбесіне Қазақстандағы халықаралық турнир қосылуы мүмкін
United World Wrestling (UWW) бас штабында Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов пен UWW басшысы Ненад Лалович кездесу өткізді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Кездесуде күресті дамыту, халықаралық серіктестікті нығайту және UWW күнтізбесіне Қазақстандағы турнирді қосу мүмкіндіктері талқыланды.
Күрес федерациясының президенті Қазақстанның мақсаты тек спорттық нәтижеге қол жеткізу емес, сонымен қатар күрестің аймақтық дамуына серпін беретін, халықаралық жарыстарды қабылдай алатын тұрақты орталыққа айналу екенін атап өтті. Осы бағытта Қазақстан тарапынан бірқатар бастамалар көтерілген.
Атап айтқанда, UWW ресми күнтізбесіне еліміздегі халықаралық турнирдің бірін қосу мәселесі қарастырылды. Федерация президенті турнирге рейтингтік мәртебе беру арқылы Қазақстанға әлемнің үздік балуандарын тартуға, бәсекелестікті арттыруға және жарыстардың халықаралық тартымдылығын күшейтуге болатынын айтты.
Сонымен қатар, тараптар спорттық ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді де талқылады. UWW басшысы Ненад Лалович Астанада Күрес академиясының іргетасын қалау және оны Орта Азиядағы халықаралық оқу-жаттығу хабына айналдыру жобасын қолдайтынын жеткізді.
Фото: kazwrestling_official
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған