Сидней Олимпиадасының чемпионы атанған дағыстандық балуан өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Ресейдің Оңтүстік округтік әскери соты Дағыстандағы Ресей Зейнетақы қоры бөлімшесінің бұрынғы басшысы Сагид Мұртазалиевті сырттай өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ол жоғары лауазымды полиция қызметкерін өлтіруді ұйымдастырды және заңсыз қарулы құрылымдарды қаржыландырды деп танылған.
Іс бойынша сот процесі Ростов қаласында өтті. 65 жастағы Мұртазалиев аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Үкім сырттай шығарылды, себебі ол 2015 жылдан бері халықаралық іздеуде жүр.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2010 жылдың шілдесінде Зейнетақы қорының аймақтық бөлімшесін басқарған кезінде ол Дағыстанның Кизляр қаласындағы екі мемлекеттік қызметкерді өлтіруді ұйымдастырмақ болған. Нысана ретінде экстремизмге қарсы күрес бөлімінің басшысының орынбасары мен қала әкімдігі басшысының орынбасары таңдалған.
Тергеу мәліметінше, бұл жоспарды жүзеге асыру үшін Мұртазалиев заңсыз қарулы топтардың мүшелеріне жүгініп, аталған тұлғаларды өлтіргені үшін ақша төлеуге уәде берген. Сот бұл дәлелдерді айыптау үкімін шығару үшін жеткілікті деп таныды.
Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, бұрынғы шенеунікке ірі көлемде айыппұл да салынды.
Айта кетейік, бұл Мұртазалиевке қатысты алғашқы сот шешімі емес. Өткен жылдың көктемінде сот шешімімен оның және үш туысының иелігіндегі бес жылжымайтын мүлік нысаны мен шамамен 119 миллион рубль тәркіленген болатын.
Сол кезде оның Ресей аумағынан кетіп қалғаны және 2015 жылы сырттай қамауға алынғаннан кейін халықаралық іздеуге жарияланғаны анықталған. Оған тағылған негізгі айыптардың қатарында терроризмді қаржыландыру және адам өлтіруді ұйымдастыру бар.
Айта кететін жайт, Сагид Мұртазалиев Сидней Олимпиадасының чемпионы. Сонымен бірге ол әлем және Еуропа біріншіліліктерінің жеңімпазы. Спортшы 2000 жылы өткен Олимпиада ойындарының финалында қазақстандық Ислам Байрамуковтан басым түскен еді.
Фото: Ашық дереккөзден
Ең көп оқылған