Токиода өтіп жатқан XXV Жазғы Сурдлимпиада ойындарында еркін күрес сайыстары аяқталды. Қазақстан құрамасы жалпы есепте бес медаль жеңіп алды: бір алтын, бір күміс және үш қола, деп хабарлайды malimsports.kz.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Шадияр Пернеш финалда ирандық Кейван Ростамабадиді 4:2 есебімен ұтып, Сурдлимпиаданың чемпионы атанды. Бұл – Қазақстанның еркін күрестегі жалғыз алтын медалі. Жеңістен кейін Пернеш бұл алтынды өзінің спорттық жолындағы «ең көп күткен және ең қымбат» жетістігі екенін атап өтті.
57 келідегі жарыста финалға жеткен Ғабит Есжанов ирандық Мохаммад Шиавошимен кездесіп, 6:15 есебімен қарсыласына есе жіберді. Осылайша ол Сурдлимпиаданың күміс медалін иеленді.
Қазақстан құрамасы үш қола медальге қол жеткізді:
Ғасыр Тұрғынбай (74 кг) – бейтарап спортшы Алексей Калесныйды 22:8 есебімен жеңіп, қола үшін болған белдесуде Денис Трегубенканы 11:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты;
Сабыржан Рсалы (86 кг) – грек балуаны Николаос Иосифидисті 16:5 есебімен жеңіп, жүлдегер атанды;
Қайратхаан Шонқу (125 кг) – үндістандық Ган Шьямды 12:1 есебімен техникалық басымдықпен ұтып, қола медальға ие болды.
97 келіге дейінгі салмақта Бексұлтан Малайдар қола медаль үшін өткен белдесуде ирандық Ерфан Саттариге жол беріп, жүлдеден тыс қалды.
Фото: Сурдлимпиада комитеті