Ризабек Айтмұқан мен Азамат Дәулетбеков Бішкектегі супертурнирге қатысады
13 ақпанда Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында еркін күрестен ірі халықаралық Super 4 Wrestling супертурнирі өтеді. Байрақты бәсекеде әлемдік деңгейдегі үздік балуандар бақ сынайды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, турнирге Олимпиада бағдарламасына енген бес салмақ дәрежесі бойынша әлемнің ең мықты төрт балуаны шақырту алған. Жарыс басталар алдында жеребе тартылып, қатысушылар жартылай финалдық жұптарға бөлінеді. Жартылай финалда жеңіске жеткен спортшылар алтын медаль үшін күрессе, жеңілген балуандар қола жүлдені сарапқа салады.
Сондай-ақ турнир аясында грек-рим күресінен арнайы жекпе-жек өтеді. Бұл белдесуде Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы қырғызстандық Ақжол Махмудов пен әлем және Еуропа чемпионаттарының екі дүркін қола жүлдегері болгариялық Айк Мнацаканян бозкілемге шығады.
Бұл додада Қазақстанның еркін күрес шеберлері де ел намысын қорғайды. 97 келі салмақта ересектер арасындағы әлем чемпионы, сондай-ақ U-20 және U-23 санаттарындағы әлем біріншіліктерінің жеңімпазы Ризабек Айтмұқан белдеседі. Ал 86 келіде үш дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионаттарының екі дүркін қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков өнер көрсетеді.
Азамат Дәулетбековтің ықтимал қарсыластары қатарында ресейлік Артур Найфонов, АҚШ өкілі Натан Джексон және қырғызстандық Малик Шаваев бар.
Фото: ҰОК
Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Ең көп оқылған