Қазыбек Қалмағамбетов күрестен жастар арасындағы әлем чемпионы атанды
Словакияның Братислава қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Қазыбек Қалмағамбетов алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қазақстандық балуан жарысты сенімді бастап, іріктеу кезеңінде Германия өкілі Себастьян Вагнерді 9:0 есебімен техникалық басымдықпен жеңді.
1/8 финалда Қазыбек АҚШ спортшысы Арман Брайнмен 1:1 есебімен тең түсіп, соңғы ұпай қағидасы бойынша келесі кезеңге өтті.
Ширек финалда ол мысырлық Мұхаммед Хасан Ахмед Абдельрахимді 4:1 есебімен жеңді. Белдесудің шешуші сәтінде партерде нәтижелі әдіс жасап, қарсыласының сәтсіз челленджінен кейін қосымша ұпай еншіледі.
Жартылай финалда Қазыбек биылғы Еуропа чемпионы, Венгрия өкілі Петр Житовоозды 7:5 есебімен жеңіп, финалға жолдама алған болатын.
Алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде қазақстандық балуан қарсыласынан айласын асырып, кездесудің соңғы сәттерінде қарсыласын таза жеңіспен (туше) ұтып, жастар арасындағы әлем чемпионы атанды.
Айта кетейік, Қазыбек Қалмағамбетов – 2023 жылғы 17 жасқа дейінгі Азия чемпионатының қола жүлдегері және 2026 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Енді ол өз спорттық мансабындағы ең ірі жетістігіне қол жеткізіп, жастар арасындағы әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Фото: Біріккен күрес әлемі
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған