457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Қазақстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында алты медаль жеңіп алды

Қазақстандық жас спортшылар олимпиадалық спорт түрлерінен өтіп жатқан жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы әлем чемпионаттарында сәтті өнер көрсетіп, ел қоржынына алты медаль салды. Оның екеуі – алтын, екеуі – күміс және екеуі – қола жүлде, деп хабарлайды malimsports.kz.

Словакияның Братислава қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрестен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының алғашқы алтын медалін грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақта Қазыбек Қалмағамбетов жеңіп алды. Қазіргі уақытта еркін және әйелдер күресінен қазақстандық балуандар жүлде үшін күресті жалғастыруда.

Ал Эквадордың Гуаякиль қаласында ұйымдастырылған кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы бес жүлдеге қол жеткізді. Оның ішінде 60 келіге дейінгі салмақта Ғабит Расұлхан әлем чемпионы атанса, қазақстандық дзюдошылар тағы екі күміс және екі қола медаль еншіледі.

Қазіргі таңда бірқатар жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары жазғы Азия ойындары өтетін кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан еліміздің спорттық резерві үшін алдағы кезең ерекше маңызды болмақ. Жас спортшылар әлем біріншіліктерінде ел намысын қорғаса, ұлттық құраманың негізгі құрамы Жапонияда өтетін Азия ойындарында бақ сынайды.

Соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы нәтижелердің жақсаруы спортшыларды даярлау жүйесінің жетілдірілуімен байланысты. Жаттығу процесіне ғылыми тәсілдер енгізіліп, спортшыларды даярлау, қалпына келтіру және жарақаттың алдын алу бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде.

Мамандардың пікірінше, мұндай жүйелі жұмыс болашақта ұлттық құрамаларды сапалы спорттық резервпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы жастар арасындағы әлем чемпионатын бір алтын медальмен аяқтады.

 

Фото: Біріккен күрес әлемі

Ең көп оқылған