Президент Айдос Сұлтанғалиды тарихи жеңісімен құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғалиды құттықтады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Мемлекет басшысы спортшының бұл жетістігін ХХІ ғасырдағы қазақ күресі үшін тарихи оқиға деп атады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент өзінің Instagram парақшасында:
«Айдос Сұлтанғалиды Әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын! Ол – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз. Балуандарымыздың жеңісті жолды жалғастыра беруіне тілектеспін!» – деп жазды.
Тарихи алтын
Айдос Сұлтанғали Хорватия астанасы Загребте өткен Әлем чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, финалда өзбек балуаны Әлішер Ғаниевті небәрі бір минут ішінде таза жеңді. Осылайша, Қазақстан қоржынына ХХІ ғасырдағы алғашқы алтынды салды.
Бұл жеңіс ерекше маңызға ие, өйткені соңғы рет Қазақстан грек-рим күресінен әлем чемпионы атағын 1999 жылы Афинада Мхитар Манукян арқылы жеңіп алған болатын.
Чемпионға апарған жол
Айдос Сұлтанғали алтын медальға жету үшін бірінен соң бірін мықты қарсыластарды тізе бүктірді:
Іріктеу кезеңі — америкалық Максвелл Хоппер Блэкті жеңді;
1/8 финал — израильдік Мелкаму Фетенеден басым түсті;
Ширек финал — Париж Олимпиадасының және Азия ойындарының қола жүлдегері, солтүстіккореялық Сеун Лиді ұтты;
Жартылай финал — грузин балуаны Амиран Чавадзені жеңді;
Финал — өзбекстандық Әлішер Ғаниевті таза жеңіспен тоқтатты.
Фото: Ақорда


Ең көп оқылған
