Нұрқожа Қайпановтың есімі әлем чемпионатының басты фавориті ретінде аталды

Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов Хорватия астанасы Загребте өтетін дүниежүзілік біріншілікті басты фавориттерінің қатарына қосылды, деп хабарлайды malimsports.kz.
70 келіде сынға түсетін отандасымыз өз салмағында №3 балуан ретінде тіркелген. Бұл туралы Біріккен күрес әлемі шығарған рейтингтік тізімде белгілі болып отыр. Бұл тізімді жапон балуан бастаса, екінші орында парсы спортшысы тұр.
Айта кететін жайт, Нұрқожа Қайпанов өткен жылы Олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша өткен әлем біріншілігінде 70 келіде топ жарған болатын. Отандасымыз бұл сында барлығы 5 белдесу өткізіп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңе білді.
Сондай-ақ, 79 келіде Дәулет Ергенші 6-шы сатыға тұрақтап, үздік балуандар ретінде есімі аталып отыр. Ал 97 келіде күресетін әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан рейтингке бойынша бәсі биік балуандар қатарына қосылмаған. Сонымен бірге, аталған салмақта Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаев та тізімнен тыс қалып отыр.
97 келіде Париж Олимпиадасының чемпионы Ахмед Тажудинов (Бахрейн) көш бастап тұр. Одан кейінгі орында төртжылдықтың басты ойындарының күміс жүлдегері грузин Гиви Матчарашвили тұрақтаса, үшінші сатыда Рио Олимпиадасының чемпионы, америкалық Кайл Снайдер жайғасқан.
Фото: NUR.KZ

Ең көп оқылған
