Маңғыстаулық самбошылар бапкеріне пәтер сыйлады
Ақтауда самбо спортының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген тәжірибелі бапкер Бауыржан Шадраимовке екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды, деп хабарлайды malimsports.kz otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Құрметті марапат спортшы шәкірттері мен Маңғыстау өңірінің самбошылары атынан жасалған. Бұл игі бастама жаттықтырушының көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға болып отыр.
Жылдар бойы жас спортшыларды тәрбиелеп, облыс пен ел намысын қорғап жүрген балуандарды дайындаған бапкердің кәсіби еңбегі әрдайым лайықты құрметке ие болып келеді.
Салтанатты сәт барысында сөз алған спорт өкілдері Бауыржан Шадраимовтің шәкірт тәрбиелеудегі табандылығы мен спортқа адалдығын ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, пәтер табыстау тек материалдық қолдау емес, бұл самбошылар қауымының шынайы ризашылығы мен құрметінің көрінісі.
«Өңірде самбо спортының дамуына серпін берген бапкердің шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындар иеленіп жүр. Бұл жетістіктер – жүйелі еңбектің нәтижесі. Әріптестері мен шәкірттері атынан Бауыржан Шадраимовке зор денсаулық, отбасына амандық, кәсіби қызметіне табыс және алдағы жарыстарда жаңа жеңістер тілейміз», - деді бастамашылар марапаттау рәсімінде.
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған