Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Павлодарда қамауға алынды
Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай Павлодарда қылмыстық іске байланысты сот алдында жауап бермек.
Спортшыға билік өкілдеріне күш қолданды деген айып тағылып, қазіргі уақытта ол Павлодар қаласындағы тергеу изоляторында қамауда отыр.
Ресми ақпарат бойынша, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы – «Екі және одан да көп билік өкіліне күш қолдану» бойынша қаралуда.
Сот Шабанбайды Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі аудандық сотына мәжбүрлі түрде жеткізу туралы қаулы шығарған. Бұл бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашевтің айтуынша, 42 жастағы Дәулет Шабанбай спорттық мансабын бес жыл бұрын аяқтаған. Соңғы рет ол Қазақстан чемпионатына қатысып, күміс медаль жеңіп алған.
Спортшының ең ірі жетістігі – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдесі. Бұл медаль оған 2022 жылы ғана табысталды. Себебі алғашқы екі жүлдегердің допинг сынамалары оң нәтиже көрсетіп, қазақстандық балуан бесінші орыннан үшінші орынға көтерілген.
Шабанбай – 2008, 2009, 2011, 2014, 2016 жылдары Азия чемпионаттарының бірнеше мәрте күміс және қола жүлдегері. 2014 жылғы Азия ойындарының күміс медалін де еншілеген.
Сонымен бірге, спортшы 2018 жылы да қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тергеу дерегіне қарағанда, оның жүргізген LADA көлігі Павлодардағы көпір үстінде Audi-80 автокөлігіне соқтығысқан. Апат салдарынан 51 жастағы әйел жолаушы оқиға орнында көз жұмған.
Шабанбай кінәсін толық мойындап, прокурормен процессуалдық келісімге келген. Марқұмның жұбайына 1 миллион теңгеден астам өтемақы төлеп, екі жыл шартты жаза алған. Сондай-ақ бес жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған