Камиль Куруглиев Хорватиядағы әлем чемпионатын үздік бестікте аяқтады

Хорватия астанасы Загребте еркін күрестен ересектер арасындағы әлем чемпионатының кезекті жүлделері сарапқа салынып жатыр, деп хабарлайды malimsports.kz.
Санаулы сəттер бұрын бозкілемге шыққан отандасымыз Камиль Куруглиев өз салмағында (-92 кг) үздік бестікті түйіндеді. Ол қола жүлде үшін сында 3 дүркін Азия чемпионы Амирхосейн Биглар Фиразпурға (Иран) жол берді. Айта кетейік, Куруглиев (-92 кг) кеше ширек финалға жетіп, Аманула Гаджимагомедовке есе жіберіп, бүгін жұбаныш кезеңінде Бенжамин Конрад Хонисты (Италия) соңғы секундтарда ұтқан. Сондай-ақ Камиль бір ай бұрын Болгарияның Самоков қаласында өткен U20 әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген. Осымен күрестің бұл түрінен бәсеке Ұлттық құрама спортшылары үшін аяқталды. Кеше еркін күрес шеберлері арасынан Загребте Асылжан Есенгелді (-61 кг) мен Нұрқожа Қайпанов (-70 кг) 3-орыннан көрінді.
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Ең көп оқылған
